Алматы облысында ірі көлік-логистикалық орталық іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауданы 26,5 гектардан асатын аумақта темір жол инфрақұрылымы, контейнерлік алаң, екі қойма, тиеу-түсіру орындары, автомобиль логистикасы мен басқару орталығын қамтитын заманауи мультимодальды кешен салынған.
Нысанның қуаты жылына 100 мың контейнерді өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жобаға 28,1 млрд теңге инвестицияланды.
Жаңа терминал Алматы облысындағы жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тауарды қабылдау, сақтау және әрі қарай жөнелту жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің сауда байланысын дамытуға, кәсіпкерлер үшін тасымал үдерісін тиімді ұйымдастыруға оң ықпал етпек.
