Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында су айдынын балыққа толтыру акциясы өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бүгін Іле өзеніне 150 мыңнан астам шабақ жіберілді.

«Осылайша жыл басынан бері Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына жіберілген шабақ саны 600 мыңнан асты. Қазан айының соңына дейін оның көлемін 4 миллионға жеткізу жоспарланып отыр», деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ бүгінгі акция барысында сенбілік ұйымдастырылып, Іле өзенінің аумағы қоқыстан тазартылды.

Мамандардың айтуынша, суға жіберілген балықтардың 80 пайызы өсіп-жетіледі. Жыл сайын өткізілетін мұндай шаралар балық қорын молайтуға елеулі үлес қосып келеді. Мұны Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зерттеу қорытындысы да дәлелдеп отыр.