Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып кетіп, жаяу жүргінші қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 11 тамызда болған. Sputnik Қазақстан сұрауына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ресми жауап ұсынды.

"Мемлекеттік корпорация жол апаты филиал қызметкерінің қызметтік автокөлікті жүргізуі кезінде болғанын растайды", - дейді корпорацияда. Оқиғадан кейін мемлекеттік корпорация қызметтік тексеру жүргізген.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылған.

"Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтік автокөлікті бақылауда ұстамаған. Қызметтік ақпаратты толық әрі объективті түрде қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында.

Филиал директоры да жауапқа тартылды.

"Ол филиал қызметін, жалпы басшылық пен бақылауды тиісінше жүзеге асырмаған. Ішкі бақылау жүйесін қажетті деңгейде ұйымдастырмаған. Сондай-ақ мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етпеген", - дейді корпорацияда.

Мемлекеттік корпорация қаза болған азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, дейді ведомствода.

Осы жағдай бойынша Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

"Сағат 20:00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейт автожолында Kia Sorento автомашинасының жүргізушісі 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Оқиға орнынан қашып кеткен 26 жастағы жүргізуші ұсталды және қамауға алынды", - дейді полицияда.

Оқиға салдарынан жаяу жүргінші қайтыс болды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.