Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылында аула ішінде жол апаты болды. Салдарынан екі адам ауыр жараланды, бірі аяғынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 40 жасқа толғанын мерекелеп, қонақ күткен Сымбат Клышеваның туған күнінде болды. Дәл сол күні ол бір аяғынан айырылды. Қақпаға келіп соғылған көлік аула ішінде дастарқан басында отырғандарды қағып құлатқан.
Зардап шеккен әйелдің әпкесі Шолпан Клышеваның айтуынша, оқиға түнде сағат бір шамасында болған. "Туыстар жиналып, Сымбаттың туған күніне барғанбыз. Көлік жүргізу куәлігі жоқ 24 жастағы қыз газ бен тежегішті шатастырып алған. Сол жерде менің 4 жастағы балам да отырған. Ол орындықта аяғын көтеріп отырған, әйтпесе ол да аяғынан айырылар еді. Тағы бір туысымыздың 6 қабырғасы сынды", - дейді ол.
Көрші Бақытбек те оқиғаны естігенін айтады: "Тереземіз ашық тұрған. Жүгіріп барсақ, аулаға көлік кіріп кетіпті. Сол үйдің иесі 'әйелімнің аяғын бөліп тастады' деп есі шығып жүр. Бұрын да бұл қақпаға көлік соғылған, бірақ мұндай ауыр соқпаған. Көліктер жылдамдықты төмендетпейді".
Қазіргі уақытта зардап шеккендер ауруханада жатыр, оларға медициналық көмек көрсетілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
