Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында алдағы 5 жыл бойы халықаралық "Формула-1 H2O" жарысы өткізіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба тек судағы сайысты ұйымдастырумен шектелмейді. Алдағы уақытта өңірде катерлер шығаратын зауыт салынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ су көліктерін басқаратын пилоттарды оқытатын академия ашылмақ. Тіпті су үстіндегі Формула-1 жарысында ел намысын қорғайтын ұлттық команда жасақталады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "F1H2O" жарысын ұйымдастырушылармен кездесіп, халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу мәселесін талқылады. Ол "Формула-1 H2O" секілді халықаралық жарыстарды өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттыра түсетінін атап өтті.

"Облыс әкімдігі тарапынан бұл бастамаға толық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ ҚР Спорт және туризм министрлігімен бірлесіп, сайысты еліміз үшін маңызды ұлттық жоба ретінде іске асыруға күш саламыз", – деді аймақ басшысы.

Ал H2O Racing компаниясының өкілі Раймондо ди Сан Джермано Қазақстан бұл сайысты өткізуге ең қолайлы ел екенін айтты.