Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелеңдегі А.С.Пушкин атындағы орта мектеп ғимаратының сапасы сын көтермейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналар дабыл қағып, күрделі жөндеуді талап етуде. Тұрғындардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Жылда сұраумен келеміз

Қарасай ауданында ерекше балаларға инклюзивті білім беретін мектеп екеу ғана, бірі осы Пушкин атындағы орта мектеп. Ғимарат 62 жыл бұрын салынған. 2016 жылы терезелері ауыстырылған, басқа күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Керегесі бүтін дегені болмаса тозығы жеткен.

"Бұл мектепте менің әпкем оқыған, жасы қазір жетпісте. Дәл оқу болып жатқанда жөндеу жүргізіледі дейді. Қаншама сұрадық, өтіндік, бұған дейін неге жүргізілмеді? Енді жөндеу басталса, басқа мектепке ауысады дейді, біз қарсымыз", - дейді Зарема есімді ата-ана.

Спорт алаңы да жоқ

Мектепте қарапайым спорт алаңы да жасақталмаған. "Балалар шаң, топырақ болып келеді. Ең болмаса көгал төсеп қойса болады ғой. Шаңды бұрқыратып доп тебеді, киімдерінен сау-тамтық жоқ", - дейді ата-аналар.

Бұл аздай мектептегі ескі әжетхананың иісі қолқаны қабады. "Менің қызым дәл сол әжетханаға жақын кабинетте оқиды. Сасық иісті кетіру үшін хлорка себе береді. Қызым "Мама, тыныс алу мүмкін емес" дейді. Сасық иіс бұрыннан келе жатқан проблема", - дейді Пушкин мектебінің ата-аналары.

Ата-ананың назы орынды

Бұл мектепте ерекше күтімді қажет ететін 40-тан астам оқушы бар. Бала саны көбейіп барады, биыл тағы 100 оқушы келген.

"Білім бөлімі жобалық-сметалық құжатты жасап, облыстық әкімдікке ұсынған. Өйткені бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілу керек болған. Мектеп жабық мекеме емес, жасырып ұстай алмаймыз", - дейді А.С.Пушкин атындағы мектеп директоры Қанат Қоқанов.