Алматы облысының Шамалған ауылы аумағында белгісіз ер адам әйелге тап беріп, оны жіппен қылқындырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Шамалған ауылындағы өзен маңында 6 маусым күні кешкі сағат 20:05 шамасында болған. Бейнебақылау камерасына көшеде кетіп бара жатқан әйелге белгісіз ер адамның кенеттен шабуыл жасап, жіппен қылқындырмақ болған сәті түсіп қалған. Жәбірленуші көмекке шақырып айқайлаған. Куәгерлер көмекке келгенде күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Қарасай аудандық әкімдігінің мәлімдеуінше: «Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр». Қазіргі уақытта күдіктінің кім екені анықталмаған. Полиция оны іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.