Алматы облысындағы Талғар және Түрген өзендері арқылы өтетін көпірлер қирады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл көпірлер апатты деп танылған. Оны пайдалануға болмайтыны туралы сараптама да шыққан. Ал осы жолы селдің суы тіпті бүлдірген. Бұл объектілерге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінің мәліметінше, Талғар өзені арқылы өтетін көпір жобасының құны 1 413,178 млн теңге, іске асыру ұзақтығы – 6 ай. Түрген өзені арқылы өтетін көпір 674,511 млн теңге, іске асыру ұзақтығы – 5 ай.

Биылғы жылға көпір құрылысын реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру көзделген: Талғар өзені арқылы өтетін көпірге 400 млн теңге, Түрген өзені арқылы өтетін көпірге 200 млн теңге. 25 маусымда конкурс жеңімпаздары анықталды. Қазіргі уақытта олармен шарт жасасу кезеңі жүзеге асырылуда. Мердігер ұйымдармен шарт жасалғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Ол биыл III тоқсанда жүзеге аспақ.