Алматы облысында субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру фактілері бойынша сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, "БАҒДАУЛЕТ и ПК" және "АМАНТАУ-2023" агроөнеркәсіп кешендерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып отырған. Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынылған.

Соның негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам субсидия заңсыз төленген, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі. Кооперативтерде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттар, жабдық, жұмысшылар және өзге де ресурстар болмаған.

Тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында пайдаланылған "ComputerService" ЖК арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды. Нәтижесінде бюджетке 416 млн теңге салық төленбеген.

Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған "BMW" автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.