Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында 16 жастағы алты бала жол апатына түсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай 17 тамызға қараған түні сағат 02:00 шамасында болған. Көлік аударылып кеткен.
Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне балалардың бірінің анасы Гүлмария Синтикова айтып берді. Оның айтуынша, көз жұмған қыз – оның қызының құрбысы, бір үйдің жалғыз қызы еді.
Балалар Қарасаз ауылына бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жолға шығып кеткен жылқыдан айналып өтпек болған кезде көлік аударылған.
Гүлмария Синтикованың сөзінше, көлік жоғары жылдамдықпен жүрген. Оның қызының арқасы, беті мен қолы жараланған. Түнгі сағат үш жарымда фельдшер хабарласып, қызының жол апатына түскенін айтқан. Ол Қарасазға не үшін бармақ болғанын білмейді.
Көлік жүргізген бала нағашы ағасының көлігін рұқсатсыз мініп кеткен. Бала қаладан келіп, көлікті мініп кетіпті. Ата-анасы оның қаладан келгенін де білмей қалған.
Қонақ болып келген бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жол апатына түскендердің барлығы бірден аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген.
Sputnik Қазақстан тілшісі жол апатынан зардап шеккендердің жағдайын дәрігерлерден сұрады. Райымбек аудандық ауруханасының дәрігерлері бес бала жеткізілгенін, біреуі жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмғанын, төртеуінің жағдайы тұрақты екенін айтты.
Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті әзірге ақпарат берген жоқ.
