Алматы облысының киберполиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның интернет-алаяқтықтың құрбаны болуына жол бермеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам алаяқтардың күшті психологиялық ықпалында болған. Олардың нұсқауы бойынша ол жақындарынан жасырынған, қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан және бірнеше банктен жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам несие рәсімдеуге әрекет жасаған.

Алаяқтық қоңырауларды анықтайтын арнайы жүйе арқылы күдікті белсенділік туралы сигнал түскен. Полицейлер ер адамның жұбайы мен балаларын тауып, болған жағдай туралы ескерткен. Туыстары бірден банктерге хабарласып, нәтижесінде несиелерді рәсімдеуге жол берілмеді, - дейді полицияда.

Ер адамның өзі өндірістік база аумағынан анықталды. Полицейлермен кездескен кезде де ол белгісіз адамдарға сенуді жалғастырып, полиция қызметкерлері мен өз ұлының сөздеріне құлақ аспаған. Тек алаяқтарға 13 млн теңгеден астам қаражатты беріп қоя жаздағанын түсінгеннен кейін ғана болған жағдайдың мәнін ұққан.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бір тәулік ішінде осы жүйенің көмегімен Алматы облысында осындай 13 интернет-алаяқтық фактісінің алдын алынды.

Полиция белгісіз адамдар сізден әңгімені жақындарыңыздан жасыруды, несие рәсімдеуді, ақша аударуды немесе қандай да бір қосымша орнатуды талап етсе, қарым-қатынасты дереу тоқтатуды ескертеді. Банкке немесе полицияға өзіңіз хабарласу керек.