Алматы облысында әлеуметтік тұрғын үйге бөлінген 101 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған үш адам сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға Райымбек ауданында болған. 2019-2024 жылдар аралығында жалпы құны 596 млн теңгеден асатын 55 тұрғын үй сатып алынған.
«Тұрғын үйдің құнын негізсіз көтеріп, кейін бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру және оны схемаға қатысушылар арасында бөлу фактілері анықталды. Салдарынан мемлекетке 101,4 млн теңге көлемінде залал келтірілген», — дейді прокуратура.
5 тамыздағы сот үкімімен үш адам Қылмыстық кодекстің 189-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7-8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар олар белгілі бір лауазымдарды атқару және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
