Алматы облысының Қарасай ауданында, Вечерняя тауының маңында, теңіз деңгейінен 3000 метрден астам биіктікте турист қыз тау соқпағынан адасып қалған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол қауіпсіз бағытпен өздігінен түсе алмаған. Көмекке шақырған қоңырау түн ортасында түскен.

"Оқиға туралы ақпарат алған "Барыс" республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілетін аймаққа жедел аттанды. Туристті іздеу жұмыстары таулы жердің күрделі жағдайында түні бойы жүргізілді", - дейді құтқарушылар.

Олар бастапқыда берілген координаттарға барғанымен, турист қызды ол жерден таппаған. Соған қарамастан, іздеу-құтқару жұмыстары шатқал бағытымен жалғастырылған.

Іздеу барысында құтқарушылар турист қызды тауып алып, қауіпсіз аймаққа аман-есен жеткізген.