Алматы мұғалімі оқу жылы басталғанға дейін педагогтарды мектепті тазалауға тартатынын мәлімдеді. Ол терезе жуып жатқан видеосын жариялап, мұндай жұмыстан бас тарту сабақ сағаттарының санына әсер етуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, мұғалімдер тамыз айында-ақ жұмысқа шығып, үй-жайларды жаңа оқу жылына дайындайды. Жарияланған кадрларда әйел мектеп терезесін өзі жуып жүр.
Педагогтың сөзінше, мұндай жұмыстан бас тартқан жағдайда, оқытушылар басшылық тарапынан жағымсыз салдарлардан — атап айтқанда, сағат санының қысқаруынан қорқады. Әйел бұған дейін мұғалімдер мектепті жөндеуге өз ақшасын беруге мәжбүр болғанын да айтады.
«Курсив» Алматы қалалық білім басқармасына сұрау жолдады. Өтініштен кейін ведомство арнайы мониторингтік топ құрып, ол мектепке барды.
«Тексеру аясында мұғалімдер құрамы мен мектептің әкімшілік-шаруашылық персоналы арасында сауалнама жүргізіліп, барлық мән-жайды анықтау және мұғалімдерді олардың еңбек міндеттерінде көзделмеген жұмыстарға тарту туралы ақпаратты тексеру жүргізіледі», — деп түсіндірді басқармада.
Онда тексеру нәтижелері мен ықтимал шаралар туралы қосымша хабарланатынын атап өтті. Жағдайды білім басқармасының басшысы жеке бақылауына алды.
Сонымен қатар, Қазақстанда педагогтарды оларға тән емес міндеттерден қорғау мәселесі мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтерілді. «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерді олардың кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыс түрлеріне тартуға шектеулер қояды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та педагогтардың құқықтарын сақтауды және оларды негізгі жұмысынан алшақтатпауды бірнеше рет талап етті.
