Алматы метросының әкімшілігі бүгінгі кіреберісте болған ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін таңертең жүздеген адам метроға кіре алмай қалды. Олардың арасында баламен келген жолаушылар да болды.
Метро әкімшілігі таратқан мәліметке сәйкес, таңғы сағат 06:30-да барлық станцияда «Оңай» жүйесінің QR-кодпен төлеу қызметі істемей қалған.
«Бірақ төлемнің басқа тәсілдері штаттық режимде істеп тұрды. Атап айтқанда, „Оңай“ көлік картасын, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay, сондай-ақ қағаз QR-билеттерін қолдануға мүмкіндік болды. Ал сағат 09:30-да QR-төлеу жүйесіндегі ақау толығымен жойылды. Қазіргі кезде сервис істеп тұр», — дейді мамандар.
Айта кетері, өткен аптада Алматы метросының «Райымбек» станциясында бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Алматы метросында бомба туралы хабарламадан кейін тексеру жүргізілді.
