Алматы метросында орынсыз әзіл айтқан жас жігіт бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Райымбек» станциясында тексеру кезінде жас жігіт қауіпсіздік қызметкеріне сөмкесінде қауіпті зат бар екенін айтқан. Бұл ақпарат бірден полицияға берілді. Оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері аумақты толық тексеріп шықты. Алайда ешқандай қауіпті немесе тыйым салынған зат табылмады.
22 жастағы қала тұрғыны мұндай сөзді әзіл ретінде айтқанын мойындады. Алайда мұндай «әзілдердің» салдары ауыр болуы мүмкін. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді полиция өкілдері.
Заң бойынша мұндай хабарламалардың барлығы міндетті түрде тексеріледі. Ал көрінеу жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
