Алматы әкімдігінің «Метрополитен» кәсіпорны 2025 жылды 6,96 млрд теңге шығынмен аяқтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда азайған: 2024 жылы кәсіпорын 8,05 млрд теңге шығынға ұшыраған еді.

Қаржылық көрсеткіштер

Компанияның қаржылық есептілігіне сәйкес, метроның жылдық табысы 23,2%-ға өсіп, 2,68 млрд теңгені құрады, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,17 млрд теңге болған. Алайда бұл кәсіпорынның шығындарын жабуға жеткіліксіз болды.

Қызмет көрсету құны өткен жылғы 19,94 млрд теңгеден 22,05 млрд теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде жалпы шығын 2024 жылғы 17,77 млрд теңгеден 19,38 млрд теңгеге жетті.

Қосымша кірістер

Қаржылық нәтижені қолдауға 13,6 млрд теңгені құраған өзге де кірістер көмектесті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 11,68 млрд теңге деңгейінде болған. Осының арқасында операциялық шығын өткен жылғы 8,05 млрд теңгеден 6,96 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Барлық кірістер мен шығындарды есепке алғаннан кейін кәсіпорынның 2025 жылғы қорытынды шығыны 6,96 млрд теңгені құрады.

Активтер мен міндеттемелер

Метрополитеннің активтері жыл ішінде 8,8%-ға немесе 24,3 млрд теңгеге өсіп, 301,5 млрд теңгеге жетті. Ал міндеттемелер, өз кезегінде, 49,7%-ға немесе 1,5 млрд теңгеге артып, 4,5 млрд теңгені құрады.

Бұған дейін алматылықтарға «Қалқаман» метро станциясының дайын дерлік күйі көрсетілген болатын.