23 маусымда Алматы мен Талдықорғанда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет». Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, екі қалада да атмосфераның жер бетіне жақын қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін жағдайлар болжанады.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Мұндай жағдайда зиянды қоспалар жер бетінде ұсталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді.
ҚМЖ кезінде тұрғындарға көшеде болу уақытын қысқарту ұсынылады, әсіресе автомобиль жолдарының және басқа да ластану көздерінің жанында. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.
Тыныс алу органдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға және аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуге және мүмкін болса, сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес беріледі.
Бұған дейін «Курсив» «Қазгидрометтің» 23 маусымға Қазақстан бойынша дауылды ескерту жариялағанын жазған болатын. Бірқатар өңірлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел, шаңды дауыл, күшті жел, ыстық және жоғары өрт қаупі күтіледі.
