7 қарашада Алматы мен Талдықорғанда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазгидромет» мәліметінше, бұл қалаларда ауа райы атмосферадағы ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді.

Қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның қосылуынан туындайды. Мұндай ауа райында ластаушы заттар атмосфераның жер беті қабатында жинақталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Бұл кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артады, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін. Ауаның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге ұстау ұсынылады. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, жаттығуларды мүмкіндігінше жабық үй-жайларға көшірген жөн.