29 шілдеде Қазақстанның бес қаласында, оның ішінде Алматыда, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (НМУ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Курсив» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, НМУ Алматыда күндіз, ал Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында түнде болжанады.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның үйлесуінен пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.
Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.
Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.
Тұрғындарға көшеде болу уақытын қысқартуға, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болмауға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тарту ұсынылады.
Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүруге кеңес беріледі. Сарапшылар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуді және мүмкіндігінше сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруды ұсынады.
Бұған дейін «Курсив» 29 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталатынын жазған болатын. «Қазгидромет» деректері бойынша, елді найзағайлы жаңбыр басып, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін, ал бірқатар өңірлерде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі.
