5 қазанда Алматы мен Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, ҚМЖ Алматыда, ал түнде Атырауда болжанады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның қосылуынан туындайды. Мұндай ауа райында ластаушы заттар атмосфераның жер беті қабатында жинақталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Осы кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артады, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін. Ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді.
Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі.
Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық ғимараттарға көшірген жөн.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда 6 қазанда тұрақсыз ауа райы сақталатынын жазған болатын. «Қазгидромет» болжамы бойынша, елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады, солтүстік-шығыста және оңтүстік-шығыста қатты жауын-шашын күтіледі. Бес облыста түнде үсік соғады.
