17 шілдеде Алматыда, ал түнде Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде болу уақытын қысқарту, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болмау ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиямен ауыратындарға қажетті дәрі-дәрмектерді өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуге және мүмкіндігінше сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.