Алматы мен Астана әлемнің ең ірі 300 қаласының қатарында қалды, алайда былтырғы жылмен салыстырғанда рейтингте төмендеді. Oxford Economics дайындаған Global Cities Index 2026 рейтингінде Алматы 265-ші орынды, Астана 281-ші орынды иеленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылғы рейтингте Алматы 258-ші сатыда, ал Астана 276-шы сатыда болған. Осылайша, бір жыл ішінде қалалар сәйкесінше жеті және бес позиция жоғалтты. Соған қарамастан, олар Орталық Азия қалалары арасында көш бастап тұр.

Адами капитал бойынша жоғары нәтиже

Қазақстандық мегаполистер ең жоғары нәтижелерін адами капитал деңгейі бойынша көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы 66-шы орынды, Астана 98-ші орынды иеленді. Екі қала да Анкара, Варшава, Прага, Таллин және Мәскеуді басып озды.

Бір жыл бұрын Алматы адами капитал бойынша 64-ші орында еді. Бұл санатта қаланың кадрлық әлеуетінің сапасы мен ауқымы, білім беру, кәсіби дағдылар, еңбек нарығының жай-күйі және білікті мамандарды тарту мен ұстап қалу қабілеті ескеріледі.

Экономикалық көрсеткіштер

Экономикалық көрсеткіштер бойынша Астана 264-ші орынды, Алматы 288-ші орынды алды.

Global Cities Index туралы

Global Cities Index әлемнің ең ірі 1000 қаласын қамтиды. Oxford Economics оларды бес бағыт бойынша бағалайды: экономика, адами капитал, өмір сүру сапасы, экология және мемлекеттік басқару.

Рейтингті жасау барысында экономикалық көрсеткіштер, білім беру мен еңбек нарығы, халықтың табысы, тұрғын үй құны, қауіпсіздік, қоршаған ортаның жай-күйі, институттар мен реттеу сапасы ескеріледі. 2026 жылы алғашқы үш орынды Нью-Йорк, Лондон және Париж сақтап қалды.