13 қыркүйекте Алматы мен Ақтөбеде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, мұндай жағдайлар ауаның жер беті қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал етуі мүмкін. Оларға тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады.
Тұрғындарға ұсыныстар
Тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады.
Өкпе, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары мен аллергиясы бар адамдарға көшеге шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүруге кеңес беріледі.
Дауылды ескерту
Бұған дейін «Курсив» 13 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірлерінде дауылды ескерту жарияланғанын жазған. Синоптиктер қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел және тұман болжаған, ал бірқатар облыстарда жоғары және төтенше өрт қауіптілігі сақталған.
Алматыда Іле Алатауы тауларында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін және өрт қауіптілігінің жоғарылығы күтілген. Ақтөбе облысында жел 15-18 м/с-қа дейін болжалған, сонымен қатар өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қауіптілігі сақталған.
