Алматы хайуанаттар бағында Қызыл кітапқа енген Пржевальский жылқысы құлындады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Хайуанаттар бағының баспасөз қызметінің мәліметінше, құлын 15 шілдеде түстен кейін дүниеге келген. Анасы мен төлінің жағдайы жақсы, олар ветеринарлардың бақылауында.
Бұл – Алматы хайуанаттар бағындағы Пржевальский жылқыларының осы жылғы үшінші төлі. Бұған дейін екі құлын дүниеге келген болатын. Пржевальский жылқысы – жойылып кету қаупі төнген түр, ол Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілген.
Хайуанаттар бағы мамандары құлынның денсаулығы жақсы екенін және ол белсенділік танытып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта құлын анасымен бірге бөлек қорада ұсталуда.
