Алматы хайуанаттар бағында соңғы 20 жылда алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Арчи мен Белла есімді шайқағыш жанаттар үш күшікті дүниеге әкелді. Бұл соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде хайуанаттар бағында дүниеге келген алғашқы шайқағыш жанат төлдері.
Күшіктер 27 сәуірде туған. Алғашқы айларда олар анасымен бірге ұяда болып, сыртқа шықпаған. Белла төлдерін ерекше қамқорлықпен бағып, оларға ешкімді жолатпаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастағандықтан, үлкен қоршауға шығып, айналаны қызығушылықпен зерттеп жүр.
Әзірге күшіктердің жынысы анықталмағандықтан, оларға есім де кейінірек беріледі.
"Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60-70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келеді және алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады. Бұл кезеңде тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір күшіктер біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар", – дейді "Жыртқыш сүтқоректілер" бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергибаева.
