18 шілдеде Қазақстанның алты қаласында ауаның ластануы күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) Алматыда, сондай-ақ түнде Астана, Петропавл, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында болжанады.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.
Синоптиктер мұндай кезеңдерде ластанған ауаның денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.
Атмосфераның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді.
Тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқарту, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болмау ұсынылады. Балаларға, қарт адамдарға және жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.
Тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары бар адамдар мен аллергиялық ауруларға бейім адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Көшедегі дене жаттығуларын мүмкіндігінше жабық үй-жайларға ауыстырған жөн.
Бұған дейін «Курсив» «Қазгидрометтің» 18 шілдеге Қазақстанның 16 өңірі мен Астанаға арналған дауылды ескерту жариялағанын жазған болатын. Бірқатар облыстарда +45 градусқа дейін қатты ыстық, найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауылдар және төтенше өрт қаупі болжанады.
