Алматы-1 вокзалындағы жөндеу жұмыстары жыл соңына емес, қазан немесе қараша айларында аяқталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов үкіметтегі брифингте вокзалды жөндеу жұмыстарының жаңа мерзімін жариялады. Оның айтуынша, премьер-министрдің бірінші орынбасары келіп кеткеннен кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы вокзал жұмыстарына 11 млрд теңге төлеп берген. Соның арқасында жұмыс қарқыны күшейді.

«Вокзалды жөндеу жұмыстары жылдың аяғына дейін бітуі керек болған. Енді қазір кестесін қайта қарады, қазан немесе қарашада бітуі тиіс», - деді Келбұғанов.

Оның айтуынша, Алматы-1 вокзалын жаңғыртуға барлығы 22 млрд теңге жұмсалады. Бүгінде осы ақшаның жартысы төленіп тұр. Айта кетері, бүгінде республика бойынша жүздеген вокзал жөнделіп жатыр. Премьер-министр осы жұмыстарды аяқтаудың нақты мерзімін белгілеп берді.