Павлодар облысында 279 алимент борышкері ойын шоттарын толықтырып, ставка жасай алған. Олардың енгізген қаражатының жалпы сомасы 600 млн теңгеден асты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратураның мәліметінше, борышкерлер шоттардан 415 млн теңге шығарған. Анықталған құмар ойынға қатысушылардың 97-сі алимент төлемейтін қасақана борышкерлер болған.
«Қазақстан Республикасының „Құмар ойын бизнесі туралы“ заңының талаптарын бұза отырып, 279 алимент борышкері өз ойын шоттарын кедергісіз толықтырып, құмар ойындарға қатысқан», — деп мәлімдеді прокуратурада.
Тексеру қорытындысы бойынша ведомство Құмар ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Осыдан кейін букмекерлік кеңселер Бірыңғай ставкалар мен төлемдерді есепке алу жүйесіне қосыла бастады. Бұл жүйе клиенттерді борышкерлер тізілімі бойынша автоматты түрде тексереді және атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар адамдарға құмар ойындарға қол жеткізуді бұғаттайды.
Қазіргі уақытта жеті букмекерлік кеңсе интеграцияны аяқтады, тағы он оператор тиісті келісімдерге қол қойды.
Прокуратурада қабылданған шаралар букмекерлік нарыққа мемлекеттік бақылауды күшейтуге, борышкерлердің құмар ойындарға қол жеткізуін шектеуге және алименттерді өндіріп алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
