Еурокомиссия қытайлық AliExpress маркетплейсіне ЕО-ның цифрлық қызметтер туралы заңының (Digital Services Act, DSA) талаптарын бұзғаны үшін 550 млн еуро айыппұл салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Регулятордың мәліметінше, платформа еуропалық тұтынушыларды тыйым салынған және әлеуетті қауіпті өнімдерді сатумен байланысты тәуекелдерден тиісті деңгейде қорғамаған. Брюссельдегілер AliExpress заңсыз тауарлардың таралуына байланысты қатерлерді дұрыс бағаламаған, сондай-ақ өзінің модерация жүйелерінің тиімділігін асыра бағалап, ұсыныс алгоритмдерінің мұндай өнімдерді ілгерілетуге әсерін жеткіліксіз ескерген деп санайды.
Бұл айыппұл Еурокомиссияның DSA талаптарын бұзғаны үшін салған ең ірі айыппұлы болды.
Тергеу барысында еуропалық реттеушілер адал емес сатушыларға қатысты санкциялар жүйесінің тиімсіз жұмыс істегенін анықтады. Ескертулерге қарамастан, бірнеше аптадан кейін платформада жалған тауарлар, қауіпті ойыншықтар мен косметика сатыла берген. Сонымен қатар, сатушылардың бір бөлігі қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруден өту үшін тауарлардың санаттарын әдейі қате көрсеткен.
«AliExpress-тің ауқымы – ақтау емес. Интернеттегі тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді жүйелі түрде анықтап, жою қажет. Біз AliExpress-тен осы стандартты сақтауды және тиісті шаралар қабылдауды талап етеміз», – деді Еурокомиссияның технологиялық егемендік, қауіпсіздік және демократия мәселелері жөніндегі атқарушы вице-президенті Хенна Вирккунен.
Айыппұл мөлшерін анықтау кезінде Еурокомиссия бұзушылықтардың сипатын, олардың ұзақтығын және ЕО елдеріндегі тұтынушылар үшін салдарын ескерген. ЕК деректері бойынша, заң талаптарын бұзу кем дегенде 2025 жылдың маусымына дейін жалғасқан.
AliExpress 2026 жылдың 20 қазанына дейін Еурокомиссияға анықталған бұзушылықтарды жою жоспарын ұсынуға міндетті. Әйтпесе, компанияға қосымша қаржылық санкциялар қауіп төндіруі мүмкін.
Маркетплейске қатысты тергеуді Еурокомиссия 2024 жылдың наурызында бастаған. 2025 жылдың маусымында реттеуші DSA талаптарының көптеген бұзушылықтарын анықтағанын хабарлады, олар пайдаланушылар үшін тәуекелдерді бағалау, контентті модерациялау, жарнамалық және ұсыныс алгоритмдерінің ашықтығы, сондай-ақ сатушыларды тексеруге қатысты болды.
Осыған қоса, AliExpress жаңа сот ісіне тап болуы мүмкін. Бұған дейін Франция билігі платформада балалар келбеті бар ересектерге арналған тауарларды орналастыруға байланысты сотқа жүгіну ниетін білдірген.
