Тегеранда Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісі Али Хаменеиді еске алуға арналған ауқымды аза тұту шаралары өтуде. Ол Израиль мен АҚШ-қа қарсы соғыс кезінде қаза тапты. Жаназа рәсіміне оның үш ұлы — Мостафа, Мейсам және Масуд қатысты, алайда Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи көпшілік алдына шықпады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Хаменеи ұлдарының әкесі мен тағы төрт отбасы мүшесінің мәйіттерінің алдында Тегерандағы Ұлы Мосалла имам Хомейни діни кешенінде намаз оқығанын көрсетті.

«Мостафа, Мейсам және Масуд Хаменеи әкелері мен басқа отбасы мүшелерінің мәйіттерінің алдында намаз оқыды, ал Моджтаба Хаменеи рәсімге қатыспады», — деп хабарлайды Reuters.

Агенттіктің мәліметінше, әкесінің орнына жоғарғы жетекші болған Моджтаба Хаменеи 28 ақпандағы әуе шабуылдарынан кейін көпшілік алдына шықпаған. Reuters дереккөздері бұрын шабуыл кезінде оның ауыр жарақат алғанын, соның ішінде беті мен аяқтарының жарақаттанғанын хабарлаған.

Жексенбі күні Али Хаменеимен қоштасуға ондаған мың адам келді. Олардың арасында әскери қызметшілер, діни оқу орындарының студенттері және ел тұрғындары болды. Көпшілік мемлекеттік туларды ұстап, АҚШ пен Израильге қарсы ұрандар айтты.

Рәсімге Иран президенті Масуд Пезешкиан, парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Мемлекет бір апталық аза тұтуды ұйымдастырып, бұқаралық шерулер мен діни рәсімдер өткізді.

Reuters ақпаратына сәйкес, Тегерандағы шеруден кейін Хаменеидің сүйегі шиіттер үшін қасиетті Кум қаласына, содан кейін Ирактың Наджаф және Кербела қалаларына жеткізіледі, одан кейін мәйіт Иранға қайтарылып, Мешхедте имам Реза кесенесінің жанына жерленеді.

Иран, Израиль және АҚШ арасындағы соғыс бірнеше аптаға созылып, атысты тоқтату туралы келісіммен аяқталды. Иран билігінің мәліметінше, қақтығыс кезінде 3 мыңнан астам адам қаза тапты, әскери нысандар мен инфрақұрылым қирады, ал шығын миллиардтаған долларды құрайды. Reuters атап өткендей, бітім Иранның шетелдегі активтерінің бір бөлігін босатуды және қаржы санкцияларын жеңілдетуді көздейді.