ҚР Қарулы күштерінің Әскери-патриоттық орталығында алғашқы әскери дайындық оқулығының жаңартылған жобасы таныстырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
10, 11-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған оқу құралдары жағдайды дұрыс бағалауға, дағдарысты сәттерде іс-қимыл алгоритмдерін білуге және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйретеді.
Орталық басшысы Айгүл Төлембаеваның айтуынша, алғашқы әскери дайындықтың жаңа жүйесі заман талабына сай болып, жастардың бойында әскери қызметте де, күнделікті өмірде де, төтенше жағдайлар кезінде де қажетті қасиеттерді қалыптастыруға тиіс. Оқулықтардың мазмұны сыни ойлауды, көшбасшылық қасиеттерді, психологиялық төзімділікті, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын және қауіпсіз мінез-құлықты дамытуға бағытталған.
Оқу құралының жобасында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы да ескерілген. Оны әзірлеуге жауынгерлік дайындық, IT-технологиялар, ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласының сарапшылары, әскери тарихшылар, психологтар, дәрігерлер, топографтар және басқа да мамандар атсалысты.
Жаңа редакциядағы оқулықтар биыл білім беру ұйымдарында сынақтан өткізіледі.
