Сербия президенті Александр Вучич бірнеше аптадан кейін отставкаға кететінін және мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өткізетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Белградтағы ауқымды митингіде айтты, деп хабарлайды PinkTV. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мен тағы бірнеше апта ғана президент боламын, содан кейін отставкаға кетемін», — деді Вучич 14 жыл билік құрғаннан кейін.
Саясаткер Белградқа бүкіл елден, сондай-ақ Босния және Герцеговина, Черногория және Солтүстік Македониядан келген жақтастарына алғыс айтты.
Вучич президент қызметінен кетуі билікті кез келген бағамен ұстап қалу ниетімен байланысты емес екенін атап өтті.
Вучичтің мәлімдемесі Сербияда 2000 жылы Слободан Милошевич құлатылғаннан бергі ең ірі үкіметке қарсы наразылықтар аясында жасалды.
Жаппай наразылықтың себебі — 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад теміржол вокзалындағы апат, онда шатырдың құлауы салдарынан 16 адам қаза тапты.
Студенттер, оппозиция және құқық қорғау ұйымдары бұл апатты мемлекеттік құрылыс жобаларындағы сыбайлас жемқорлық пен тиімсіз бақылаудың символы деп санайды.
Бұған дейін «Курсив» 2025 жылдың тамызында Сербиядағы жағдай бірнеше күндік жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ушығып, Валево қаласында және астана Белградта наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар болғанын хабарлаған болатын. Өткен жылдың қыркүйегінде мыңдаған сербтер Белград орталығында акцияға шықты. Олар Сербия президентіне қарсы ұрандар айқайлады.
Вучич өз кезегінде наразылықтарды ұйымдастырушыларды елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты деп айыптады.
«Олар Сербияны тізерлеткісі келді, университеттерімізді қиратып, елдің болашағын жоюды көздеді. Біз мыңыншы рет қолымызды созып, диалогқа дайынбыз», — деді президент.
Сонымен қатар ол студенттерді болған оқиғаға кінәлі деп санамайтынын, оларды «жаңылыстырылған» деп атады.
Мемлекет басшысы қызметінен кетуге уәде бергеніне қарамастан, Вучич саяси мансабын аяқтауды көздемейтінін білдірді. Ол билеуші Сербия прогрессивтік партиясына және оның жетекшісі Милош Вучевичке мерзімінен бұрын өтетін сайлауда жеңіске жетуге көмектесетінін айтты.
Президент сондай-ақ билеуші коалицияның біріккен сайлауалды тізімін «Біртұтас Сербия» деп атауды ұсынды. Сарапшылар сайлаудан кейін саясаткердің билікке премьер-министр ретінде қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сөз сөйлеу кезінде Вучич сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыруға және ауқымды әлеуметтік реформалар жүргізуге уәде берді. Оның уәделерінің арасында — биылғы жылы зейнетақыны көтеру, аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсету, дәрі-дәрмек құнын төмендету және білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін реформалау.
Оның айтуынша, екі жылдан кейін Сербиядағы орташа жалақы 1400 еуроға, ал орташа зейнетақы 650 еуроға жетуі керек.
Сонымен қатар Вучич Сербияның Еуропалық Одаққа қарай жылжуын жалғастыратынын, бірақ Ресей және Қытаймен қарым-қатынасты үзуді көздемейтінін растады.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың ақпан айында Сербия президенті Астанаға ресми сапармен келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич IT, энергетика және жаңа әуе рейстерін іске қосу салаларындағы әріптестік туралы келіскен болатын.
