Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик апта басында АТП рейтингінің Топ-20-сынан шығып қалды. Енді ол Лейвер кубогы-2026-да әлем құрамасы сапында ертең екі матч өткізеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Лондонда өтетін әлем құрамасы мен Еуропа құрамасы арасындағы матчқа Бублик команда капитаны Андре Агассидің жеке шақыртуын алды. Ертең Александр екі матч өткізеді. Жекелей – Рафаэль Ходарға қарсы, жұптық – Тейлор Фритцпен бірге Карлос Алькарас пен Якуб Меншикке қарсы.
Бубликтің екі матчынан бөлек, турнирдің бірінші күнінде Каспер Рууд Франческо Черундоломен, ал Меншик Брэндон Накашимамен кездеседі.
Атақты австралиялық теннисші Род Лейвердің құрметіне аталған Лейвер кубогы тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Оған алты еуропалық теннисші және қалған әлемді білдіретін сонша спортшы қатысады. Үшеуі АТП рейтингі бойынша автоматты түрде таңдалады, тағы үшеуін капитан шақырады.
Үш күн ішінде 12 матч (9 жекелей және 3 жұптық) ойналады. Бірінші күнгі әр ойындағы жеңіс үшін команда 1 ұпай алады. Екінші күнгі матчтардағы әр жеңіс 2 ұпаймен бағаланады. Үшінші күні жеңістің құны үш ұпайға дейін көтеріледі.
13 ұпайды бірінші жинаған команда жеңеді. Есеп 12:12 болған жағдайда жеңімпазды қосымша жұптық матч анықтайды.
Барлық матчтар үш сеттен ойналады, ал үшіншісі – 10 ұпайға дейінгі тай-брейк форматында.
Көрмелік деп атауға толық негізі бар турнир үшін АТП рейтингіне ұпайлар қосылмайды. Сонымен қатар барлық теннисшілер жеке төлемдер алады. Ал жеңімпаз команданың әр қатысушысы банктік шотын қосымша 250 мың долларға толықтырады.
Турнир негізі қаланғаннан бері Прага (2017), Чикаго (2018), Женева (2019), Бостон (2021), Лондон (2022), Ванкувер (2023), Берлин (2024) және Сан-Франциско (2025) қалаларында өтті. «Еуропа» есебінде бес жеңіс бар, «әлем» үш рет жеңіске жетті.
