«Альба» жылжымайтын мүлік қорының акционерлері 28 қазанда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, акционерлік қоғамды «Альба» ЖШС-і етіп ерікті түрде қайта құру туралы шешім қабылдайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қордың директорлар кеңесі 28 қыркүйекте кезектен тыс жалпы жиналысты шақыру туралы шешім қабылдады. 28 қазандағы күн тәртібінде ерікті қайта құрудан басқа, беру актісін бекіту, акционерлік қоғамның акциялар шығарылымын жою, инвестициялық декларацияның қолданысын тоқтату, сондай-ақ басқарушы компаниямен, кастодиан банкпен, бағалы қағаздар тіркеушісімен және Орталық депозитариймен шарттарды бұзу мәселелері қаралады.

Сонымен қатар акционерлер ЖШС атауын, заңды мекенжайын, жарғылық капитал мөлшерін, компанияның жарғысы мен құрылтай шартын бекітеді. Сондай-ақ олар жаңа компанияның атқарушы органының мүшелерін сайлайды.

«Альба» жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қоры 2025 жылдың қорытындысы бойынша 215 млн теңге пайда тапты, бұл 2024 жылғы 176,7 млн теңге пайдаға қарағанда 21,7%-ға артық.

Қордың түпкілікті қожайындарының қатарында бұрынғы ішкі істер вице-министрі Василий Симачев пен оның бизнес серіктесі Нұржан Бекшенов, «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаев пен оның ұлы Дамир Мыңбаев, сондай-ақ Айгүл Саймасаева бар.

Инвестициялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден түскен кіріс 2024 жылғы 151,5 млн теңгеден 182,4 млн теңгеге өсті. Сонымен қатар компания инвестициялық жылжымайтын мүлікті қайта бағалаудан 50,1 млн теңге кіріс алды, 2024 жылы бұл көрсеткіш 42,9 млн теңге еді. 2025 жылдың соңында қордың бөлінбеген пайдасы 373,3 млн теңгені құрады.

Қордың инвестициялық жылжымайтын мүлігі Алматының Медеу ауданындағы Зенков көшесі, 22 мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 4470,6 шаршы метр әкімшілік ғимараттан (бизнес-орталықтан), сондай-ақ сол мекенжайдағы 0,3964 га жер учаскесінен тұрады. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны 2025 жылдың соңында 708,6 млн теңгеге бағаланды, оның ішінде ғимараттың бағалау құны 403,6 млн теңге.

2025 жылы акционерлердің жалпы жиналысы 200,7 млн теңге дивиденд төлеуді мақұлдады, оның 191 млн теңгесі жыл ішінде, ал 9,7 млн теңгесі 2026 жылдың 21 қаңтарында төленді. Салыстыру үшін, 2024 жылы олар 107,8 млн теңге дивиденд төлеуді мақұлдап, ол сол жылы толық төленген болатын.

2026 жылдың қаңтарында «Альба» жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қорының директорлар кеңесі акционерлерге 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша 45,27 млн теңге дивиденд төлеуді ұсынды.

«Альба» қорының акционерлері: «Позитив Консалтинг» компаниясы – 37,5%, AQPAN ASSETS компаниясы – 37,5% және Айгүл Саймасаева – 25%.

AQPAN ASSETS Дамир Мыңбаевқа (бұрынғы вице-премьер, ҚТЖ және ҚМГ басшысы Сауат Мыңбаевтың ұлы) және жалғыз иесі Сауат Мыңбаевтың өзі болып табылатын «КСК» компаниясына тиесілі.

«Позитив Консалтингтің» қожайындары Василий Симачев пен Нұржан Бекшенов. Василий Симачев – Қазақстанның бұрынғы ішкі істер вице-министрі, ал оның бизнес серіктесі Нұржан Бекшенов 2013 және 2014 жылдары Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізімінде тиісінше 25-ші және 22-ші орындарды иеленіп, байлығы $290 млн болған.

«Позитив Консалтинг» арқылы Симачев пен Бекшенов сондай-ақ Алматыдағы атақты «Пассаж» сауда орталығында үй-жайларды жалға беретін «Позитив Недвижимость» жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қорының қожайындары болып табылады.