Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген ер адам Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, 2019 жылдың ақпанында күдікті Ақмола облысындағы кен орнында құрамында алтын бар кенді өндіруге арналған келісімшарт жасасуға көмектесемін деген сылтаумен үш азаматтан 500 мың АҚШ долларын алдап алған.

Сонымен қатар 2021 жылы ол екі кәсіпкерді "ҚазАвтоЖол" АҚ-мен жол-құрылыс жұмыстарына қатысты келісімшарт жасасуға көмектесемін деп, 93,4 млн теңге беруге көндірген.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін күдікті шетелге қашып кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

Өткен жылдың қыркүйегінде ол Ресейдің Мәскеу қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.