Ішкі істер министрлігі азаматтарды коммуналдық қызмет атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, соңғы уақытта алаяқтар өздерін жылу қызметінің мамандары ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалуда. Олардың мақсаты – жеке мәліметтерге немесе банк шотына қол жеткізу.

Алаяқтар әдетте мынадай сылтаулар айтады: - жылу есептегішін тіркеу керек; - өтініш қалдырғансыз; - құжаттарыңызды жаңарту қажет; - берешегіңіз бар немесе жеңілдік рәсімдейміз.

Кейін олар телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Полиция бұл кодты ешкімге айтуға болмайтынын ескертеді. SMS-код арқылы алаяқтар банк қосымшасына кіруге, мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуге және сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауға әрекет етуі мүмкін.

Тәртіп сақшылары мыналарды ескертті: - телефон соққан адамның кім екенін тексеріңіз; - SMS-кодты, банк картасының деректерін, CVV-кодты және жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз; - күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз; - бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны жүктемеңіз және сілтемелерге өтпеңіз.

Полиция коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан телефон арқылы SMS-кодты сұрамайтынын еске салады.