Лондонда өткен Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелінде жалпы сомасы 1,3 млрд доллар болатын 9 келісімге қол қойылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management компанияларын қоса алғанда, 70-тен астам компания, инвестициялық қор, банк және сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында «Alatau City Authority» арнайы басқару ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қаланы дамытудың негізгі бағыттарын, оның ішінде заманауи инженерлік және көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық аймақтарды құру жоспарларын таныстырды.
Alatau City-дің басты артықшылықтарының бірі – 2026 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық заңда көзделген арнаулы құқықтық режим. Ол Англия мен Уэльс құқығының қағидаттарын қолдану мүмкіндігін, инвестицияларды қорғаудың заманауи тетіктерін және болжамды іскерлік орта қалыптастыруды көздейді.
Іскерлік бағдарлама аясында Лондон қор биржасының, Brookfield Asset Management, Société Générale, J.P. Morgan және Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Тараптар институционалдық капитал тарту, жобалық қаржыландыру құралдарын пайдалану және халықаралық қаржы ұйымдарын қаланың энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қатыстыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша халықаралық серіктестермен жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд доллар құрайтын 9 келісімге қол қойылды. Келісімдер инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыру, білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қамтиды.
Атап айтқанда, University of Exeter, Brighton College және Repton Group қатысуымен білім беру ұйымдарын ашу жобаларын пысықтау көзделген. AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен ынтымақтастық медициналық инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ғылыми тәжірибе алмасу мәселелерін қамтиды.
Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар құрайтын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.
Сонымен қатар қалада энергиямен, сумен және газбен жабдықтау, кәріз желілері мен автомобиль жолдарын дамытуға бағытталған 28 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатқа 35,3 млрд теңге бөлінген.
