Алакөлде биылғы жылы жаңа нысандар салынып, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, туристер саны артты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл аймаққа келген ішкі туристер саны 382 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өсті. Ал шетелдік туристер саны 60 пайызға артып, 8,2 мың адамды құрады.
Қазіргі таңда жағалауда бір мезетте 21 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 224 орналастыру орны жұмыс істейді. Көл жағалауындағы қауіпсіздік пен санитарлық жағдайға ерекше назар аударылған. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін 40 құтқару мұнарасы, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын қалқыма белгілер желісі және 7 пирс қызмет көрсетеді.
Мұнда күн сайын қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді, ал суда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Маусым басталғалы бері 150-ден астам профилактикалық рейд өткізілген.
