Алакөл жағалауына демалуға барып ажал құшқан ер адамның туыстары әділдік іздейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алакөл көлінде екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Қайтыс болған ер адамның туыстары әділдік іздеп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

«Кешкі 19:30 шамасында менің ағамды Бескөл ауылының 21 жастағы тұрғыны гидроциклмен арт жағынан қағып кеткен. Ағамның бес омыртқсы шытынап, жұлыны үзіліп кеткен. Ағатайым артына қарап та үлгермеген», - дейді марқұмның туысы.

Оның айтуынша, гидроцикл тізгіндеген жігіт алкоголді мас күйде болған. «Жас жігіт мас болған. Бұл істі Алакөл ауданы Үшарал қаласының тергеушілері әлі қарастырмаған. Интернет пабликтерде жалған ақпараттар таралуда. Тергеушілер бізге әлі ешқандай ақпарат бермеді», - дейді марқұм болған ер адамның туыстары.

Бұл шағымға қатысты Sputnik Қазақстан тілшісі Жетісу облыстық полиция департаментіне хабарласты. Айтуларынша, күдікті бостандықта жүрген жоқ. «Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті полиция қызметкерлерінің күзетімен медициналық мекемеде жатты. Емдеу курсы аяқталып, медициналық мекемеден шығарылғаннан кейін қадағалаушы органмен келісу арқылы оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралатын болады», - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінде.

Қылмыстық іс Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, дейді полицияда.