Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны Руслан Мұсағалиев отбасымен бірге Алакөлге демалуға барып, жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оның туыстары айтып берді. Руслан Мұсағалиев 17 тамыз күні сағат 18:00 шамасында "серуендеп келемін" деп сыртқа шығып кеткен. Содан бері оралмаған.

Демалыс орнындағы оқиға

Отбасы Қабанбай ауылындағы "Нұрай" демалыс орнына тоқтаған. Жексенбі күні олар демалуға келген. Туысы Жәнібек Отарбаевтың айтуынша, сағат кешкі он шамасында олар іздей бастаған, бірақ келіп қалар деп қатты алаңдамаған.

Дүйсенбі күні түнгі сағат төрт шамасында Алматыдан туыстары дереу Алакөлге жолға шығып, содан бері оны іздеп жатыр.

Телефон табылды

Туыстарының айтуынша, Руслан Алакөлге шомылған жоқ. Ол Арбат деген жерде жүргені камераға түсіп қалған. Серуенге шыққан жексенбі күні ғана телефоны қосулы болған, содан бері өшірулі. Кейін жоғалған ер адамның телефоны ауыл ішінен табылған. Оны сол ауылда тұратын жасөспірім тауып алып, демалыс орнының күзетшісіне берген.

Отбасының пікірі

Қазіргі уақытта Руслан Мұсағалиевтің барлық туысы Алакөлде оны іздеп жүр. Туыстары оны "үш баласын көзінен таса қылмайтын, отбасын өте жақсы көретін адам" деп сипаттайды. Олардың айтуынша, ол ешкіммен жанжалдаспайды, тіпті ешкімге қарсы сөз айтпайтын адам.

Жоғалған ер адам Алакөлге үш баласы, әйелі және әкесімен бірге барған.

Полиция мәліметі

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 18 тамызда Мақаншы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ер адамның жоғалғаны туралы оның жұбайы хабарласқан.

"Мәліметтерге сәйкес, 17 тамызда сағат 18:10 шамасында ер адам Мақаншы ауданындағы Алакөл көлінің жағасында орналасқан "Нұрай" демалыс базасының аумағынан кеткен. Осы уақытқа дейін оның орналасқан жері белгісіз", – дейді полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау үшін жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Егер сіз Руслан Мұсағалиевтің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу "102" телефоны арқылы хабарлауды немесе жақын жердегі полиция бөліміне жүгінуді сұраймыз", – дейді полиция.