Ақтөбедегі ірі «Ақтөбе нан» кәсіпорны 1-сұрыпты ұнның болмауына байланысты әлеуметтік нан пісіруді уақытша доғарды. Облыс билігі өңірде нан тапшылығы жоқ деп сендірді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мәселенің мәнісі – зауыттың «Ақтөбе» ӘКК» АҚ алдындағы 170 миллион теңге берешегінде жатыр. Кәсіпорын форвардтық келісімшарт аясындағы бұл қарызды өтеуден бас тартып, оны есептен шығаруды сұраған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ақтөбе нан» кепілдеме хат берсе, ұнды жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

««Ақтөбе нан» ЖШС басшылығы көтерген қарыз соманы есептен шығару мәселесі жүзеге асырылмайды. Өйткені, бұл – біріншіден, бюджеттің ақшасы. Екіншіден, ақша қайтарылған жағдайда біз жаңа өнім аламыз», – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Құлекенова.»

Қазіргі таңда тоқтап қалған зауыттың көлемін басқа кәсіпорындар өтеп жатыр. Атап айтқанда, «Рамазан» мен «Атамекен» тәулігіне 12 мыңнан, ал «Наным» кәсіпорны 6 мың дана әлеуметтік нан пісіруде. Жалпы, өңірде күніне 34 мың бөлке нан дүкендерге 106 теңгеден жеткізіледі.

Жауапты мамандардың айтуынша, әлеуметтік нан сауда нүктелеріне тұрақты жөнелтіліп, бағасы сақталуда. Сондықтан өңірде нан мәселесіне алаңдауға негіз жоқ.