АҚШ пен Иран арасында бірнеше жылдан бері үзілген тікелей байланыс қайта орнаған сыңайлы, алайда тараптардың бұл жөніндегі мәліметтері бір-біріне қайшы келіп отыр, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Axios басылымының дереккөздеріне сүйенсек, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффқа мәтіндік хабарлама жазып, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтатуды талқылауды ұсынған.

Алайда басқа ақпарат көздері мүлде басқаша мәлімет таратуда. Мысалы, Drop Site News басылымы ирандық дереккөздерге сілтеме жасап, бірінші болып Уиткофф хабарласқанын, бірақ Арагчи оның хабарламасын жауапсыз қалдырғанын жазды.

Бұл ретте Axios-қа пікір білдірген америкалық шенеунік байланыс орнатуға Иран тарапы ұмтылғанын, бірақ АҚШ Иранмен ресми келіссөз жүргізіп жатпағанын атап өтті.

16 наурызда АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранның АҚШ-пен байланысқа шыққанын растады. Дегенмен, ол хабарласқан адамдардың Иран атынан келісім жасауға қаншалықты өкілеттігі бар екеніне күмән келтірді.

««Біз олардың шынымен кім екенін білмейміз», — деді Трамп журналистерге.»