Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «электронды қорғаныс аймағын» құруды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданғанымен, қайғылы оқиғалар әлі де болып жатыр. Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапса, Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы күйеуі өлтірген.
«Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау», – деді Аймағанова Құрылтай отырысында.
Ол Францияның тәжірибесін мысалға келтіріп, жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электронды бақылауға арналған қажетті тетіктер бар, оларды тиімді пайдалану керек.
Осыған байланысты Айжан Аймағанова Ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, жекелеген өңірлерде «Электронды қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу қажет. Сондай-ақ қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның қандай әрекет жасауы керектігін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекіту ұсынылды.
Бұдан бөлек, әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық жүйеде тіркелуі тиіс. «Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді депутат.
