Aitu мессенджерінде жақын арада сүйінші, көрімдік, асар және садақа сияқты дәстүрлі ақша аударымдарын жіберу функциясы іске қосылады. Бұл туралы BTS Digital компаниялар тобының басқарушы директоры Мақсат Нұриденұлы үкімет отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Aitu-ды қазақтың дәстүрі, тілі мен өмір салты ескерілетін ұлттық мессенджер ретінде дамыту жоспарланып отыр. Ол үшін әр отбасына қажетті түрлі функциялар іске қосылады. Атап айтқанда, фотосуреттерді сақтауға, маңызды оқиғалардың күнтізбесін жүргізуге және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға болады.
«Сондай-ақ қазақстандықтарға ортақ дәстүрлермен байланысты сүйінші, көрімдік, асар және садақа сияқты ақша аударымдарын автоматты түрде жүзеге асыру мүмкіндігі ұсынылады», – деді Нұриденұлы.
Мессенджерде цифрлық шежіре де дамытылады. Қолданушы өзінің ата-тегін және отбасы тарихын ыңғайлы форматта сақтай алады.
«Қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қосымшада қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау мүмкіндігі болады. Бұл маңызды, өйткені республикада 100-ден астам этнос өкілі тұрады», – деп атап өтті Нұриденұлы.
Айта кетері, бүгінде Aitu-да 6,8 миллион адам тіркелген. Ай сайын қосымшаны 1 миллионнан астам қазақстандық қолданады. Күн сайынғы аудиториясы 100 мыңнан асады, ал ең жоғары көрсеткіш тіркелген күндері бұл сан 210 мың адамға дейін жетеді.
