Біріккен Араб Әмірліктерімен әуе қатынасы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Air Astana әуе компаниясы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Air Astana БАӘ бағытындағы рейстерді тоқтату туралы шешім қабылдады. Компанияның мәліметінше, 13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы – Дубай – Алматы рейстері, сондай-ақ 14 шілдеге жоспарланған KC205/206 Астана – Дубай – Астана рейстері тоқтатылады.
Жолаушылар 12–18 шілде аралығында және 31 шілдеге дейін орындалатын рейстерге сатып алған билеттерінің толық құнын қайтара алады немесе билеттерін басқа күнге ауыстыра алады.
Айта кетері, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға байланысты бұған дейін Астанадан Дубайға бағыт алған жолаушылар ұшағы кері қайтарылған болатын.
