Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, Қазақстанда 4 739 адам трансплантация кезегінде тұр. «Бұл дегеніңіз 4 739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар», – деп жазды Балаева.
Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Ол донор болу немесе болмау әр адамның жеке таңдауы екенін, мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті. «Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауға тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет», – деп атап өтті ол.
«Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп толықтырды Балаева.
Ол адам өмірін сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор екенін айтты.
