Ақтау қаласында Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
30 жыл бұрын Каспий теңізінің жағалауында тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің туы алғаш рет көтерілген болатын. Осы тарихи сәттен бастап еліміздің теңіздегі мемлекеттік шекарасын, егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған отандық әскери флоттың қалыптасу жолы басталды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, 30 жылдың ішінде Әскери-теңіз күштері қалыптасудың үлкен әрі абыройлы жолынан өтті. «Бүгінде бұл – жауынгерлік даярлығы жоғары, заманауи білімі мен мол тәжірибесі бар кәсіби әскери құрылым. Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін құрудың бастауында тұрған ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің қызмет жолдарыңыз – кейінгі ұрпақ үшін ерліктің, Отанға және әскери борышқа адалдықтың үлгісі. Сіздер қалыптастырған әскери қызмет дәстүрлері – баға жетпес мұра әрі еліміздің теңіздегі қауіпсіздігін одан әрі нығайтудың берік негізі», – дейді Қилыбай.
