Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың кредит төлемдерін кейінге қалдыру тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыра алады. Бұл жеңілдік әскери қызмет аяқталғаннан кейін тағы екі ай бойы сақталады. Осы кезеңде кредит бойынша сыйақы есептелмейді.
Төлемді кейінге қалдыру тәртібі
Төлемді кейінге қалдыру үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына өтініш берудің қажеті жоқ. Әскери қызметке шақыру және одан босату туралы мәліметтер кредиттік бюро арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарына жіберіледі.
Әскерге дейін төленбеген кредиттер не болады?
Мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін проблемалық қарызы болған азаматтарға қатысты берешекті өндіріп алу рәсімдері де уақытша тоқтатылуға тиіс. Агенттік мамандары ескерткендей, әскери қызмет аяқталғаннан кейін берешек сақталады. Сондықтан әскерге шақырылғанға дейін кредиттік міндеттемелеріңіздің жай-күйін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды реттеу бойынша тиісті шаралар қабылдаған жөн.
Әскерде жүргенде жаңа кредит алуға бола ма?
Мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынған. Банк немесе микроқаржы ұйымы кредиттік бюро арқылы азаматтың мәртебесін тексереді. Егер кредиттік есепте оның мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны туралы ақпарат болса, жаңа қарыз немесе микрокредит берілмейді.
Статистика
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы екі жылда 82,1 мың әскери қызметшінің кредит төлемдері кейінге шегерілген. Кейінге қалдырылған кредиттердің жалпы сомасы 23,5 млрд теңгені құрайды.
