Әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер қолданған тағы екі азамат жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде бейәдеп сөздер айтылған бейнежазбаны анықтаған. Тексеру нәтижесінде автордың, құқық бұзушының жеке басы анықталды.
Ол – Ақтөбе облысының 38 жастағы тұрғыны Санат Нұртаев. Аталған азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар осы іспеттес заң бұзушылыққа жол бергені үшін Павлодар тұрғыны 20 тәулікке қамауға алынды. Тікелей эфир кезінде ер адам автокөлікті басқарып келе жатып, көпшілік алдында былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сонымен қатар жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған, - дейді полицейлер.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев болып шықты. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамауға алынды.
Полиция әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфир кезінде жарияланған құқыққа қайшы контент құқықтық бағалаусыз қалмайтынын ескертеді.
